Жаңалықтар мен оқиғалар
Маңғыстау облысында тұңғыш рет Бокстан ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткелі отыр.
Шара Ақтау қаласының 55 жылдығы аясында өтпек. Осы орайда а.ж. 11 қарашасы күні «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК ғимаратында Маңғыстау облысы бойынша бокс федерациясының Президенті Орманов Марат Көшкінбайұлы, Қазақстан Республикасының бокстан Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Айтжанов Мырзағали Құланұлы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарабалаев Нұрбек Жұмабекұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен барлығы 206 спортшы қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар ел чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында әлемдік ареналарда топ жарып жүрген Қайрат Ералиев, Василий Левит, Әбілхан Аманқұл, Асланбек Шымбергенов, Бекдәулет Ибрагимов, Абылайхан Жүсіпов, Теміртас Жүсіпов, Ильяс Сүлейменов, Ерік Әлжанов, ағайында Төлтаевтар және т.б. боксшылар да бақ сынайды.
Жарыстар «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтеді, 18 қарашаға дейін жалғасады.
Чемпион атанып, үздік шыққандар 2019 жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарына қатысу құқығына ие болады. Ал өз кезегінде Әлем чемпионатында 2020 жылғы Токиода өтетін Олимпиада Ойындарына жолдама үлестірілетіні белгілі. Төрешіліктіктің әділдігін күшейту мақсатында Қазақстандық федерация эксперттер ретінде шетелдік төрешілерді шақырды. Олар қазақстандық әріптестерінің жұмысын бағалайтын болады.
Жарыстың құрметті қонақтары: Олимпиада Ойындарының чемпиондары Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, жүлдегерлері Қанат Ислам, Болат Жұмаділов, Серік Елеуов, Әлем чемпиондары Галиб Джабаров, Біржан Жақып, Азия Ойындарының чемпионы Нұржан Кәрімжанов, т.б.
Құрметті жерлестер, облыс қонақтары! Алдағы бірнеше күнде біз сізбен бірге лайықты да мықты жеңімпаз боксшыларды көрсететін қызу шараның куәгері болмақшымыз! Чемпионат қатысушыларына сәттілік, күш-жігер мен нық сенім тілейміз! Рингте ең күштілер жеңіске жетсін деп тілейміз!