Жаңалықтар мен оқиғалар
Қазақстан-Британ техникалық университеті жанында құрылған Теңіз академиясы Қазақстан бойынша теңдесі жоқ оқу орны
Ағымдағы жылғы сәуірдің 7-і күні Қазақстан-Британ техникалық университетінде Қазақстан теңіз академиясының (бұдан әрі – ҚТА) құрылғанына 10 жыл толуына байланысты іс-шара өтті. Аталмыш іс-шараға ТШО, ҚТКФ, СОС, NCOC және т.б. сияқты ірі қазақстандық мұнай және мұнай өндіруші компаниялар, сондай-ақ Теңіз академиясының дамуына сүбелі үлес қосқан «Chevron», «STC International», «Mercy Ships», «SAAB», «Staff Center Group» секілді 10 шетелдік компаниялар қатысты.
Академияның құрылған сәтінен бері оны тәмамдаған түлек саны - 124 теңізші болды, бүгінде олар теңіз кемелері сияқты теңізбен байланысты жағалаулық қызметтерде еңбек етуде. ҚТА түлектері еліміздің маңызды адами капиталы болып табылады, осы себептен оларға «Қазақтеңізкөлікфлоты», «NCOC», «COC», «Topaz Marine», «ТШО» сияқты ірі компаниялар және басқадай әлемдік корпорациялар тарапынан сұраныс жоғары болуда. ҚТА тәмамдаған 50 % теңізшілерге Панама және бүкіл әлем бойынша сұраныс өсуде.
Халықаралық теңіз ұйымы Тәуелсіз сарапшыларының комиссиясы 2021 жылы Қазақстанды Ақ тізімге енгізді, осылайша халықаралық қауымдастық қазақстандық теңізшілердің кәсіби дипломдарын мойындады, ал бұл оларға ДВАЕ конвенциясының барлық қол қоюшы-мемлекеттерінде жұмыс жасау мүмкіндігін берді.
Рамиль Бикташев, Қазақстан теңіз академиясының деканы:
«Біздің академия барлық халықаралық стандарттар бойынша мамандарды әзірлейтін бірден бір академия болып табылады. Академия жыл сайын бар болғаны 25-30 кадетті қабылдайды. Біздің академия кеме жүргізушілері мен кеме механиктерін әзірлейді. Осы орайда ҚТА конвенция талаптарына сәйкес кадеттер үшін теңізде практикадан өтудің 365 күнін қамтамасыз етеді. Академия оқушыларды Каспий теңізіне жыл сайын жіберіп отырады. Мәселен, үстіміздегі жылы «Қазақтеңізкөлікфлоты» осы мақсатта 18 орын бөлді. Осылайша көптеген компаниялардың тарапынан жылма-жыл Теңіз академиясына тиісті қолдау көрсету, өзара ынтымақтастықты дамыту және кадеттерді практикаға қабылдау қарқындылығы өсуде. Сондай-ақ, академия барлық ТМД елдері үшін бірегей магистрлық бағдарламаларды қолданысқа енгізді.».
Теңіз зертханаларының, симуляторлар мен тренажерлердің сан алуандығы, халықаралық теңіз практикасының, Германияда, Оманда, АҚШ пен Нидерландтарда даярлықтан өткен білікті оқытушылардың болуы Қазақстан теңіз академиясы бағдарламаларына жылма жыл халықаралық аудиттерді ойдағыдай өткізуге оң септігін тигізетіні сөзсіз.
Маратбек Ғабдуллин, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры:
«Бүгінде ҚТА Қазақстан Республикасы Үкіметінің теңіз индустриясы саласында міндеттерін іске асыруға ықпалдасып отырғанына нық сенімдіміз. Академияның құрылғанынан бері 10 жыл ішінде академия түлектері өздерін қазақстандық сияқты әлемнің кез келген мемлекетінде шетелдік кемелерде жұмыс жасай алатын бәсекеге қабілетті және білікті теңізшілер ретінде танытты. ҚТА берілген диплом иегерлері Қазақстанның теңіз компанияларында жоғары білікті кадрлар ретінде танылып, бұл академия түлектерінің мансаптық өркендеуіне мүмкіндік берді.»
Қазақстан теңіз академиясының 2012 жылы құрылуына «Теңізшевройл» және NCOC қолдау көрсетті. «Теңізшевройл» маркетинг және көлік жөніндегі Бас директор Лори Саско:
«Қазақстан теңіз академиясы – бұл ұлттық білім беру бағдарламасы. Біз сонау 2009 жылы Қазақстанда теңіз саласының дамуына қолдау көрсеткен кезде Қазақстанның табиғи және адами ресурстарға бай мемлекет екенін, бұл жағдайда табысқа жетудің жолы – әлемге өз шикізатын тасымалдау болатынын ұғындық. Осымен бірге, қазақстандық академияның ерекшелігі 2012 жылғы талапкерлердің 30 %-ын әйел адамдар құрағаны болды. ҚТА – әйел адамдарды теңіз саласына қабылдайтын бірден бір академия болып табылады. ТШО үшін бұл зор мақтаныш әрі ірі жетістіктердің бірі болды.».
«STC Group Holding BV» Бас жоба менеджері Джурре Ян Схутте Қазақстан теңіз академиясында алғашқы жылдары Голландия лекторлары дәріс бергенін, олар қазақстандық оқытушылардың даярлығын жүргізіп, олармен оқу бағдарламасын бірлесе әзірлегенін айта кетті. Ол: «Сұраныстың 2011 жылы келіп түскені есімде. Бізге Лондонға баруға ұсыныс жасалды, онда түрлі мектептер болды. Сол мезгілде Қазақстанда Теңіз академиясын құру бастамасы туралы алғаш рет естідік. Біз теңіз академиясын теңізі жоқ таулы жерде қалайша құрмақшы деп аң-таң болдық. Бірақ, біз өз алдымызға ылғи өршіл мақсат белгілеуді ұнататынбыз. Осылайша өз ұсыныстарымызды жолдап ҚТА серіктестері болдық... Академияның өсіп-өркендеуі, серіктестік қатынастардың кеңейе түсуі, жобалардың ауқымдылығы, бағдарламалардың одан әрі дамуы көңілімізден шықты. Біздің әуел бастан мақсатымыз теңізшілер мен кадеттерді оқытудан бөлек теңіз көшбасшыларын даярлау болды» – деді.
Академияның 10 жылдық мерейтойын атап өтуге Қазақстан теңіз академиясының түлектері де қатысты. Олар академия басшылығына құттықтау сөздерін арнап, теңіз практикасында алған өз тәжірибелері туралы бөлісті.
2020 жылғы түлек Аякоз Сламбаева: «Біз үшін академияның орны бөлек. ҚТА оқу орнына білім алуға келген біз өзгеше студент болдық. Біз бетпе-бет теңіз көрген не болмаса ата-анамыздың бірі теңізші болған жастар болған емеспіз. Білім алудың жоғары сапасынан бөлек ҚТА әрбір студент өмірінде ерекше із қалдырды. Академияның арқасында білім алдық, компанияларда, кемелерде тағылымдамадан өттік, әлемді шарладық. Жақын арада мен жобада теңіз маманы ретінде NCOC бірлесе отырып практиканы аяқтадым. Академияны тәмамдаған түлектердің нобайы тікелей теңізде жұмыс жасамағанмен, бар алған білімін қолдана білді және белгіленген мақсаттарға қол жеткізді.».
10 жылдық мерейтой шеңберінде Қазақстан-Британ техникалық университеті арасында білім дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Меморандум кадрлардың даярлығын жақсарту, процестің практикалық әзірлігін күшейту, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізу және олардың нәтижелерін компания қызметіне енгізуді көздестірді.
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры Айдар Оржанов бүгінде ҚБТА Теңіз академиясы атынан ұлттық компанияда 18 кадет практикадан өтуде деп хабарлады. Ол: «Жақын арада үздік түлектерге ашық теңіздердегі танкерлерге жолдама берілмекші. Осы орайда айта кететін жайттардың бірі практикаға келген кадеттерден басқа біздің компанияда жұмысқа қабылданған ҚТА түлектері ойдағыдай еңбек етуде. Мен Академияның білім беру жүйесін жоғары бағалаймын, өйткені академия түлектері кемелерде өз жұмысын адал орындауда. Мәселен, ҚБТА кадеті 4 жыл ішінде аға көмекші болды, ал бара-бара капитан болуы да ықтимал. Бізде үшінші көмекші болып қыз балалар да жұмыс жасайды, олар Каспий теңізі арқылы біздің мұнайды тасымалдауда. Бүгінде Қазақстан теңіз флотына ерекше көңіл бөлінуде, сондықтан бізге жас мамандар қажет болуда» - деді.
Осы жылы «TMC Shipping» үнді компаниясымен меморандум жасасты. Қазіргі таңда Қазақстан теңіз академиясы ірі теңіз және тасымалдау компанияларымен қолға алынған жұмысты одан әрі жалғастыруда, өз елі үшін ашық теңіз практикасын ұлғайту және жоғары білікті мамандарды әзірлеу міндеттерін ойдағыдай белгілеуде.