Жаңалықтар мен оқиғалар
Ақтау қаласындағы №14 жалпы білім беретін мектепте мұнай-газ және теңіз көлігі саласының жас мамандарының қатысуымен кәсіби бағдар беру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жанындағы Жас мамандар кеңесінің бастамасымен өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт-бағдар беру, сондай-ақ қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие салалар туралы ақпараттандыру. Іс-шара барысында дәстүрлі мұнайшы мамандығымен қатар IT, теңіз көлігі, логистика және авиация салаларының даму мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ атынан кездесуге жас мамандар қатысты: Саттарханов Ержан – 3-дәрежелі автопогрузчик жүргізушісі, Еділбай Бағдат – 3-цех операторы, Абзал Дильяра – ЦНИПР зертханасының лаборанты.
Сондай-ақ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық компаниясы атынан Хайдаров Нурлыбек Мирасұлы – бизнесті дамыту жөніндегі аға маман, Таңғұл Самат Қайратұлы – техникалық суперинтендант.
«ҚаражанбасМұнай» АҚ атынан Жаңбырбаев Қуандық Махмутұлы – Қабат қысымын ұстау цехының маманы, техник-геолог қатысып мұнай-газ саласындағы өндірістік тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында спикерлер кәсіби даму жолдары, еңбек нарығындағы өзгерістер және болашақ мамандарға қойылатын талаптар туралы ақпарат беріп, оқушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Іс-шара қорытындысында мектеп ұжымына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы шығарған «Қазақстанның ұлттық пантеоны» атты кітап табысталды.
