Кеме жалдау департаменті
cd@kmtf.kz, +77292 535 831, +77292 535 873.

Қазақстан мен Әзербайжан көліктік-логистикалық бағыт құрады


2022 жылғы  9 наурыз күні Бакуде "Казақтеңізкөлікфлоты" ҰТКҚК" ЖШС" Бас директоры Айдар Оржанов және "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы бастаған қазақстандық делегациясы Әзербайжан Республикасы үкіметінің бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен кәсіпорын құру жобасына арналды. Жаңа бірлескен кәсіпорын тарифтерді белгілеу және жүктерді декларациялауда туындаған мәселелерді реттеуге, бірыңғай ақпараттық технологиялар шешімдерін қолдануға және осы бағытта транзиттік жүктерді біріктіруге мүмкіндік береді.

Әзербайжанның Экономика министрі Микаил Джаббаров, Әзербайжан инвестициялық холдингінің бас атқарушы директоры Руслан Алиханов және SOCAR Президенті м.а. – бірінші вице-президенті Ровшан Наджаф және басқа да ресми лауазым өкілдерімен әңгімелесу барысында  қазақстандық делегация  еліміздің Еуропаға экспорттық жүк ағындарын Транскаспий бағыты бойынша қайта бағдарлаудың өзектілігі күн тәртібіне шыққанын айтты.

Тараптар Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдауға қатысты  ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, бұл қазіргі қолданыстағы бағыттарға балама бағыт екенін атап өтті. Қазақстандық делегация Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиевпен де кездесті.

Кездесу барысында дәліз бойынша көлік тарифтерін біріздендіру, екі ел  арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінде жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін кедендік рәсімдерді реттестіру мәселелері талқыланды.

Аймақта болып жатқан қақтығыс оқиғалары мен геосаяси жағдайдың күрделенуі  жаңа ақиқатты алдымызға шығарды. Қазірдің өзінде сұраныс ұсыныстан асып кету қаупі туындады. Аталған факторлар негізінде жеткізу құны да, күту уақыты да артып, оның тұтынушыға кері әсерін тигізері  анық. Бұл шындық ынтымақтастықтың жаңа шеңберін қарастыруды және транзиттік және көліктік коммуникацияларды жаңаша құруды талап етеді.

Кездесуде Әзербайжан мен Қазақстанның географиялық ерекшеліктері - олардың Еуропа мен Азияның ірі экономикалық орталықтарының арасында орналасуы елдер арасындағы тиімді және жақсы жолға қойылған көлік желісін қамтамасыз ету үшін нақты алғышарттар жасағаны баса айтылды. 

Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі құрылысының аяқталуы, бұл маршрутты дамытуға қосымша серпін бермек. Бір нақты есеп, Қытайдан Қазақстан арқылы Түркияға тауар жеткізу мерзімі 12 күнге дейін қысқарғаны соған дәйек.

Екі жақты кездесу нәтижесінде "Самұрық-Қазына" АҚ мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасында бірлескен кәсіпорын құру және көлік-логистикалық қызметті жүзеге асыру туралы Хаттамаға қол қойылды.

Тізімге оралу