Кеме жалдау департаменті
cd@kmtf.kz, +77292 535 831, +77292 535 873.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК жаңа темір Жібек жолымен Еуропадан Азияға жүк тасымалдауға қатысуда


2020 жылдың 4 желтоқсанында «Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты» (ТХКМ) Халықаралық ассоциациясы аясында Түркиядан Қытайға алғаш рет жүк пойызы аттанды. Сөйтіп, Еуропадан Азияға бағытталған темір Жібек жолы жұмысын бастады. Халық тұтынатын тауарлар тиелген 42 контейнерлік құрам жүріп өтетін бағыттың жалпы ұзындығы 8693 шақырым (2 құрлық, 2 теңіз және бес ел арқылы өтеді). Жүктің жалпы жолда жүру уақыты 12 күн.

Жүктің ақырғы жеткізілетін жері Қытайдың Шанхай қаласы. 

Жүк тиелген құрам Ыстанбұлдың еуропалық бөлігіндегі теміржол станциясынан жолға шықты. Жерасты туннелімен Босфор бұғазын кесіп өтіп, Анкараға жетті де әрі қарай Карс-Тбилиси-Баку көлік дәлізімен Баку портына жетті. 

2020 жылдың 12 желтоқсанында жүк Каспий теңізі арқылы Қазақтеңізкөлікфлотының «Бекет Ата» фидерлік кемесімен Ақтау портына жеткізілді. Фидерді портта қарсы алу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК Бас директоры Айдар Оржанов, «KTZ EXPRESS» АҚ және Ақтау портының басшылықтары, Ақтау қаласындағы Түркия консулы қатысты. 

Құрам әрі қарай темір жолмен Қазақстан Республикасының аумағымен 3200 шақырым жолды жүріп өтеді. Артынша жүк Сиань арқылы Шанхайға жеткізіледі. 

Еуропа – Қытай транзит бағытының іске қосылуы халықаралық көлік дәлізінің дамуына, клиенттер мен инвесторларды тартуға, ТХКМ жолындағы барлық қатысушы елдердің инфрақұрылымын жақсартуға оң әсер етеді. 

Тасымалдарды жүзеге асырушы оператор Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты бойынша жүк тасымалдаушы Транскаспийлік халықаралық көлік консорциумы. Бұл көлік қатынасының теңіздегі операторы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК болып табылады. 

2019 жылдың 16 сәуірінде «Ақтау порты – Алят порты (Баку) – Ақтау порты» бағытындағы контейнерлік фидерлі желі іске қосылды. Фидерлі желі жұмысын бастағаннан бері ЖФЭ-дегі 20 000 бірлік контейнер тасымалданды.

Айта кету керек, тасымалданған контейнерлердің 70%-і Ақтау портынан Алят портына жөнелтілген жүктің үлесіне тиесілі. 

Есепке сәйкес, бұл бағыт Еуропадан Қытайға жетудің ең қысқа жолы болып табылады, ал бұл жүк жөнелтуші үшін өте ыңғайлы. 

Осы жаңа көлік маршруты бойынша жүк тасымалына қатысу Қазақстанның өз транзит әлеуетін арттыруына мүмкіндік беріп, ел экономикасының дамуына үлес қосады.

Тізімге оралу